«Мемлекеттік тіл – менің тілім».
Дауға салса алмастай қиған,
сезімге салса қырандай қалқыған,
ойға салса қорғасындай балқыған,
өмірдің кез-келген орайында әрі қару,
әрі қалқан болған, әрі бай ырғы,
әрі мәңгі жас, отты да ойнақы — Ана тіліміз.
Н.Ә. Назарбаев.
Қазақстан – егеменді, тәуелсіз ел. Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі.
Тіл- ұлттың жаны. Тіл — ғасырлар бойы әр ұлттың ұрпақтан-ұрпаққа берілу арқылы жинақтаған бағасы жоқ мәдени байлығы. Әр ұлт өз тілін қадірлейді, сыйлайды және болашаққа, келешек ұрпаққа аманат ретінде жеткізіп отырады.
Қазақ тілі – әлемдегі тілдердің ішіндегі ең бай, келбетті тілдердің бірі халқымыздың рухани байлығы, атадан балаға, ұрпақтан – ұрпаққа мирас болып қалып отырған баға жетпес асыл мұра.
1989 жылы “Тіл туралы заң” қабылданып, қазақ тілі Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі мәртебесін алды. Кейін 1993 жылдың 28 қаңтарында Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясында бекітілді. Мемлекеттік тіл – мемлекеттік рәміздердің бірі болып табылады. Мемлекеттік тіл – Қазақстан Республикасының әрбір азаматынан іс қағаздарды мемлекеттік тілде жазуын талап етеді. Қазақстан — әлемдегі ең мықты, бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына ену үшін қазақ тілін жоғары мәртебеде ұстауы керек.
Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан-2050»: «Бір мақсат,бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында: «Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар! Ана тіліміз Мәңгілік елімізбен бірге Мәңгілік тіл болды. Бұл мәселені даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы ете білгеніміз жөн. Біздің тіліміз мемлекеттің барлық жүйесінде қолданылуы үшін біз өзімізді өзіміз қамшылауымыз керек және осыған өзіміз атсалысуымыз қажет» деген жолдауындағы сөздерін барша қазақстандық құптайды.
Мен оның түнін сүйем, күнін сүйем
Ағынды өзен, асқар тау, гүлін сүйем.
Мен оның қасиетті тілін сүйем
Мен оның құдіретті үнін сүйем, – деп Отанды сүюдің, ана тілін сүюдің құдіретті биік сезім екендігін білдіреді. Менің елім – көп ұлтты Қазақстан. Қанша ұлттың баласы бір анадан туғандай тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Қазақстанда ұлттар арасында татулық пен бірлік, ынтымақтастық пен достық орнағаны — бәріміз үшін мақтаныш. Бұл — біздің Елбасымыз
Нұрсұлтан Назарбаев саясатының дана ойларының жемісі. Елімізді жарқын болашаққа жетелейтін, халық мүддесін ғана ойлайтын Елбасының арқасында біз, қазақ елі, мәңгілік ел болып қала бермекпіз.
Сондықтан мен өз замандастарымды «өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деп ақын Қ.Мырзалиев айтқандай, басқа тілді біле отырып, ең алдымен өз ана тілімізді құрметтеуге шақырамын және бәріне:
Мейлі, сен көп тілді біл «қой» демес ем!
Пушкин, Байрон, Шекспир, Гейнеге сен.
Бірақ сені қазақ деп айта алмаймын
Туған ана тілің де сөйлемесең–дегім келеді.
Тіл тағдыры – ел тағдыры екенін еш уақытта ұмытпай, ата- бабамыздан мұра болып келе жатқан қасиетті де киелі қазынамыз – туған тіліміздің болашағы жарқын елімізде нық қалыптасуына атсалысайық, ағайын!